8 оқылды

Құрметті Шымкент қаласынның тұрғындары!

Құрметті Шымкент қаласынның тұрғындары!

Баршаңызды мұсылман қауымы үшін ең ұлық мейрам — Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!

Құрбан айт – бір-бірімізге деген мейірімімізді оятатын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға жол ашатын ізгі мереке.

Биыл Шымкент қаласы үшін маңызды оқиғаларға толы жыл. Атап айтқанда, биыл Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуде. Оған қоса, биыл сүйікті қаламыз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғаны белгілі. Алайда, әлемді жайлаған пандемия, өкінішке қарай, баршамызды қалыпты тіршілігімізден ажыратты. Мерейтойлар мен іс-шараларды онлайн режимде өткізуге мәжбүр болып отырмыз.

Халқымызда «Отанды сүю – иманнан» деген ұлағатты сөз бар.
Бүгінгі күрделі кезеңде осы қағиданы ойдан шығармай, туған елдің игілігі үшін аянбай еңбек етіп жатқан әрбір азаматтың бойында Жаратқанға деген сүйіспеншіліктің зор екені шүбәсіз.

Жер бетін індет жайлаған қиын сәтте күллі Қазақ жұртшылығы науқастар мен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, сүйеу бола білді. Қазір мемлекет тарапынан қажетті шаралар мен әлеуметтік көмектер дер кезінде көрсетіліп жатыр. Ел бірлігі мен ынтымағының арқасында қиын кезеңдерді артта қалдырарымызға сенімдіміз.
Міне, мұның барлығы қайырымдылықты бәрінен биік қоятын мемлекетіміз бен халқымыздың біртұтастығының арқасында жүзеге асуда. Бұл сынақтар жасаған жақсылықтарының өтеуін Алладан ғана күтетін қайырымды жандардың арамызда көп екендігін көрсетті.

Бейбітшілікті, тұрақтылықты, татулықты ту етіп, әлемдік қауымдастықтың оң бағасын алған Қазақстан үшін ең басты байлық – бірлік пен тыныштық. Демек, бірлікті бекемдей түсетін бұл мерекенің маңызы зор.

Құрметті шымкенттіктер!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.
Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналған.

Қасиетті Құрбан айт – Жаратқанға жақсы амалдармен жақындай түсуге мүмкіндік туғызар тағлымы мол мереке. Ендеше, осы күні қажеті үшін қайырымды іс атқаруға асығайық.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚМДБ-ның мақұлдауымен биыл құрбандық шалу рәсімін онлайн режимде орындаймыз. Баршаңызды түсіністік танытып, карантин тәртібін қатаң сақтауға шақырамын!

Шалған құрбандықтарыңыз бен құлшылықтарыңыз қабыл болып,  армандарыңыз орындалсын.
Қазақстанымыз мәңгі жасап, шырайлы Шымкент түрлене берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*