183 оқылды

АБАЙДЫ ОҚЫ, ОРЫНДА!

Елбасының ерекше мақаласы – адамзаттың Абаймен текті ұлт табысуы мен тоғысуының және бір жарқын үлгісі. Үрдіс үйлесімі. Ұлық ұнасымы. Жасампаздық жарасымы. Абайдың 150 жылдығындағы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың терең мәнді, ерен мазмұнды баяндамасы жадымызда жаңғырады.

Абай арқылы, Абай жолы арқылы рухани жаңғырудың сапасы туралы осындан жиырма бес жыл бұрын мәністегені аян-дүр. Мына мақаласы – парасатты пайым белестерінің көкжиегін кеңейтер көркем бір биігі мәнзелдес мәнер. Уақыт пен ұлт тағдыры қорғансыз қазақтың қасіретті кеңінде күйзелген данышпан ойшыл, хакім хақында таңғажайып талдамалар жасап, бүгінімізбен ел ертеңін ерекшелеп, міндет-мақсаттарды межелеген.

«Байқауымша, ұлтты ұғыну — бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату- өз алдына қырық қатпар құбылыс», — дейді Елбасы.

Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы өмірдің қай саласында да, Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз»-деді әйгілі еңбегінде. «Абай — рухани реформатор», — деді екінші мақаласында.

«Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақта қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?» — деп қиналған қайран ағартушы, орасан ойшыл; «Біріңді қазақ, бірің дос; көрмесең істің бәрі бос» — деп ұлтымыздың жүрер жолын белгілеп беріп кеткен. Аманат еткен. Біз пақырыңыздың «Абайды оқы, орында!»- деп шырыл қағатынымыз Һәм осыдан, қадірменді халайық.

Мархабат БАЙҒҰТ,
Жазушы, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*