718 оқылды

ШЫМКЕНТТЕ «АШЫҚ БЮДЖЕТТЕРДІҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ» ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев және қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев онлайн брифинг өткізді. Брифинг барысында азаматтардың бюджетті қалыптастыруға қатысуы және оның ашықтығы қаралды.

Онлайн шара барысында Т.Серікбаев Агенттіктің бастамасымен «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (www.publicbudget.kz) жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша осы ресурс арқылы азаматтар бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға тікелей қатысу мүмкіндігін алады.

«Карта алғаш рет халық үшін қолжетімді және түсінікті бюджет шығындары туралы маңызды мәліметтерді және қоғамдық бақылаудың тиімді тетігін жасады.

Ол онлайн режимде әлеуметтік объектілерді ұстауға, сондай-ақ олардың құрылысы мен жөндеуіне бөлінген бюджет қаражаты туралы қолжетімді мәліметтерді көрсетеді» — деді спикер.

Кез келген азаматтың осы процестерді бақылауға, оларды құжаттамамен салыстыруға және айырмашылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органға хабарлауға мүмкіндігі бар.

Қазіргі таңда өңіріміз бойынша Картаға Шымкент қалалық 394 ұйымдар орналастырылып, 900 млрд. теңгеден астам бюджеттер қалыптастырылған.

Көрермендер үшін publicbudget.kz платформасын пайдаланудың қадамдары онлайн түрде көрсетілді.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

«Жобаны енгізу азаматтардың жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға қатысуынан тұрады. Азаматтар қала аумағын абаттандыруға тікелей қатыса алады» — деді А.Сәттібаев.

Спикердің айтуынша жобаны жүзеге асыру үшін арнайы open-shymkent.kz арнайы интернет-ресурсы әзірленген.

Жобаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрады.  Атап айтқанда: сайт арқылы тұрғындардан ұсыныстар жинау, ұсыныстарды Сараптамалық кеңестің қарауына ұсыну, және жобалар тізбесін іріктеп, дауыс беру үшін сайтқа орналастыру және де дауыс беру нәтижесі бойынша көп дауыс жинаған жобаларды жүзеге асыру.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*