1 068 оқылды

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТТІ

Шымкентте Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: қоғаммен байланыс» тақырыбында форум өтті.

Іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаменті «Antikor ortalyǵy» алаңында ұйымдастырды.

Форумға мегаполис әкімі М.Әйтенов, Департамент басшысы А.Жұмағали, қоғам қайраткерлері — ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері М.Байғұт пен Ш.Мырзахметов, арнайы мониторингтік топтың, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, «Шымкент – адалдық алаңы» және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Форум аясында қоғамның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, қоғамда сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан жобалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңа тәсілдер талқыланды.

Мегаполис әкімі М.Әйтенов қатысушыларды мерекемен құттықтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелеріне тоқталып, азаматтық қоғамның жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы туралы пікір білдірді.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А.Жұмағали сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды қалыптастырудағы қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.

«Азаматтық қоғамның осы жағымсыз құбылыспен күресте серіктес ретінде қатысуы өте маңызды. Біздің басты мақсатымыз — қоғаммен жалпы азаматтарымыздың өмірін сыбайлас жемқорлықтан азат ету үшін тиісті жағдай жасау.

Әрине, ең алдымен отбасындағы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік иммунитетін тәрбиелеу қажет.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тұжырымдамалық негізі парасаттылық идеологиясы болуға тиіс» – деді Асхат Жұмағали.

Форум барысында «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары, үздік бейнероликтер мен суреттер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға үлес қосқан БАҚ және қоғам өкілдері марапатталды.

Іс-шара соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыруға қатысуға дайындықтарын жеткізді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*