1 716 оқылды

ТҮРКІСТАН: ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КІТАПХАНА БӨЛМЕСІ АШЫЛДЫ

16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің музейлендірілген кітапхана бөлмесі ашылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған жобаның мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Түркі әлемінің тұлғасы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі кітапхана бөлмесінің тарихи келбетін жаңғырту, өз мақсатын насихаттау болып табылады.

Музейлендірілген кітапхана бөлмесінің ашылуымен құттықтаған қорық-музей басшысы Н.Ахметжанов: «16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты түрде ашылған ортағасырлық кітапхана бөлмесінің маңызы ерекше.
Музей экспозициясына бұрын-соңды қорық-музей қорынан қойылмаған «Диуани хикметтің» түпнұсқа қолжазба нұсқасы, сонымен қатар 1887-1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Ыстамбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкент баспаларынан жарық көрген нұсқалары, хикметтің латын тілінде жарық көрген нұсқасы, «Рисалла дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Миратул қулуб» секілді қолжазбалары, Қожа Ахмет Ясауидің атақты шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Физулидің шығармалары, Фарид ад-дин Мұхаммад ибн Ибрахим Аттардың «Тазкират ул-Аулия», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері экспозициядан орын алды. Бұл бастама қасиетті де тарихи жерге келген әрбір келушіге Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірттері, кесенеде жерленген хан-сұлтандар, батырлар мен билер, игі жақсылар жайлы кітаптар және деректермен танысуға мүмкіндік береді. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорында 3000-ға жуық жазба ескерткіштер сақталса, оның ішінде 440- көне баспа кітаптар, 160-ы түрнұсқа қолжазбалар, 21-і тарихи құжаттар болса, 11-і жаңа құнды кітаптар бар. Алдағы уақытта кітапхана бөлмесінде арнайы көрмелер ұйымдастырып, қордағы жазба ескерткіштерін таныстыратын боламыз»,- деді.

-«Тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кітапхана бөлмесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеп, иін тіресіп тұрған діни кітаптар кейіннен қолды болған екен. Кітапхана және оның қоры жөніндегі деректер 1913 жылы «Қазақ» газетіне басылған Міржақып Дулатовтың «Хазірет Сұлтан» мақаласында, А. Семеновтың 1922 жылы кесенені арнайы комиссия құрамында көріп шыққан соң жазған қорытынды жазбасынан, 1928 жылы кесенені зерттеген М.Е. Массон еңбектерінен кездестіруге болады»,- дейді қорық-музей директорының орынбасары М.Тастанбеков.

Сондай-ақ, музейлендірілген кітапхана бөлмесінде Түркістанның ортағасырдан бастап білім мен ғылым, өнер ордасы болғандығын айқындайтын түрлі ғылымға қатысты кітаптар, Тәпсірлер, Кәләм шарифтер, Шариғат заңдарының орындалуы, Мұхтасар, Құрандар, «Ғайас ал-луғат Мунтахаб ал-луғат» тіл білімі туралы, «Рисақатун уафиятун фи ислами абни ағи» араб тілінің грамматикасы, тарих-география, заң ғылымының мәні, «ШархульУиқаяти, Умурату рияти» шариғатты талдау, «Арифметика», «Геометрия» еңбектері және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ұйымдастыруымен жарыққа шыққан кесенеде жерленген тұлғаларға қатысты сериялы баспалар орналастырылған.

Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов Түркістан қаласына келген сапарында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне сыйға берген Өзбекстанда табылған VIII ғасырға тиесілі Құранның алғашқы нұсқаларының бірі ІІІ Халиф Осман ибн Аффанның мусхафының бір беті де музей экспозициясына қойылды.

Ал бөлменің жоғары жағына Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегінен алынған «Ғылымына амал қылған – сауап алар», «Менің хикметтерім Алладан пәрмен, оқып ұққанға бар мағынасы Құран» қанатты сөздері жазылған.

Іс-шара барысында өзбекстандық ғұлама ғалым Шайық Мұхаммад Садық Мұхамммад Юсуфтың жеке кітапханасынан музей қорына сыйға берген 85 дана Құран Кәрімдер, Хадистер, Пәтуалар, Тәпсірлер және тағы да басқа тақырыптарда жарыққа шыққан кітаптары да көпшілік назарына ұсынылды.

Музей экспозициясына 591 дана кітаптар мен музей қорынан 20-дан астам этнографиялық жәдігерлер қойылған.

Айтулы жиын аясында 16 желтоқсан — ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Тәуелсіздік- мәңгілік ел мұраты» көрмесі де ашылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*