ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

98

Арыс қаласында серуендеуге және жайлы демалысқа, сондай-ақ спортпен шұғылдануға арналған жаңа саябақ ашылды.
Жаңа демалыс орнының салтанатты ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов қатысып, жұртшылықты жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.
-Бүгінгі күні Арыс өлкесінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан осында туып өскен есімі елге тараған атақты меценаттардың бары белгілі. Осындай тамаша кешеннің салынуына демеуші болған жерлесіміз Ержан Қосмамбетовке шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл баршамыз үшін жақсы үлгі болмақ, – деді қала әкімі.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жүрекжарды лебізін білдіріп, бірлігі жарасқан Арыс халқына табыстар тіледі. Еңбек ардагері, қаламыздың ардақты қариясы ақ баталарын беріп, өз ризашылықтарын жеткізді.
Жаңа демалыс саябағы Арыстың тумасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетовтың демеушілігімен салынды. Саябақтың жалпы аумағы – 1 гектар. Мұнда қазірдің өзінде 450 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Түрлі-түсті шамдар орнатылып, аяқжолдар төселген. Сонымен қатар заман талабына сай 1 баскетбол, 1 футбол алаңшасы қойылған. Бұдан бөлек жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы салынды. Ал балаларға базарлық ретінде ойын алаңдары да орнатылды. Сондай-ақ жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалынған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Сөзсіз, жаңа демалыс орны жергілікті тұрғындардың жанға сая табатын сүйікті демалыс орны болмақ.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жаңа саябақтың ашылуына арнайы келген қадірлі қонақтармен бірге саябақ аралап көрді. Жаңа спорт алаңшаларда асыр салып ойнап жүрген балаларға ыстық ықыласын білдіріп, тұрғындарға енді абаттанған аумақты күтіп-ұстау қажеттігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements