Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы

522

Бүгінгі мақаламды қазақтың біртуар ұлы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды» – деген нақыл сөзімен бастауды жөн санадым. Себебі, сөздің майын тамызған Шерағаның осы бір нақылына бүгінгі елдің бейне бір кейпі еніп кеткендей көрінеді.

«Ауыл» партиясының негізгі жұмыс бағыты – ауыл мәселелерін шешу, агроөнеркәсіп саласын дамыту мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ауыл партиясы ауылдағы ағайынның жай-күйін біз ешқашан елеусіз қалдырмаймыз.

Соңғы өткен парламент мәжілісінің, түрлі деңгейдегі маслихаттар сайлауының қорытындысына сүйенсек біз саяси партиялар қатарында екінші орында көріндік. Парламент мәжілісінде 8 мандатқа ие болдық. Сондай-ақ, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мен қала, аудандық маслихаттарда 250-ге жуық мүшелеріміз жеңіске жетті. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің, биылғы аудан әкімдерінің сайлауында да партия өз үміткерлерін ұсынып, белсенділік танытып, лауазымды қызметке тағайындалуда. Осылайша «Ауыл» партиясы республикалық және жергілікті өкілеттік органдағы аясын кеңейтуде. Бұл дегеніміз елдіктің жолында атқарылар қызметте «Ауыл» партиясы мемлекет басшысы мен партия мүшелерінің сеніміне әрі қолдауына ие болуда.

Біз ауыл халқының мәселесінің салдарымен күресіп келеміз. Алайда, оның себебін анықтап, оны жоймасақ, салдарымен күресу нәтиже бермесі анық.

Ауыл гүлденсе – ел гүлденеді, ауыл өшсе – ел өшетіндігі анық. Еліміздің ертеңін ойлайтын болсақ, дәл қазіргі уақыттан бастап ауылымызға көңілімізді бөлуіміз қажет. Мемлекеттік деңгейде түрлі стратегиялық қадамдар жасап, ауыл хал-жағдайын жақсарту мақсатында реформаларға жол беріп, ауылымызға екінші бір дем беріліп келеді. Ауылдан кетіп жатқан жастарымызды ауылымызда ұстап қала алатындай жағдай жасауымыз керек. Ауыл жастарын – ауыл аймақта ұстап қала алсақ, еліміздің еңсесі тіктелері анық.  

«Ауыл» партиясының негізгі жұмыс бағытына«Білім берудің инновациялық жүйесі – заманауи ел», «Медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы және уақтылылығы», «Нақты еңбек үшін нақты ақы төлеу», «Жағдайы жақсы отбасы – қоғамды дамыту негізі», «Индустрияландыру және инновациялар – бәсекеге қабілетті экономиканың негізі», «Тиімді ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі» және «Жастар еліміздің болашағы» атты үлкен тарауда біз аталған мәселелерді кеңінен көтеріп, оның оң шешімін табуға ұдайы күш салып келеміз.    

Яғни мемлекет жайлы орта қалыптастыру арқылы ғана ауыл халқының үлесін арттыруға ықпалдаса алады. Урбанизацияға байланысты ауыл шаруашылық саласының мамандары, әсіресе ондағы техникадан хабары бар мамандар азайып барады екен. Бір жағы, технологияның дамуымен кейбір мамандықтардың орнын басатын мамандар келетіні заңды құбылыс. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жасалып жатқан жобалар аясында шалғай ауылдардың өзіне түрлі саланың майталмандары жұмылдырылуда.

Қазіргі біздің ауылдарымызға жетпей отырған тағы бір өзекті сала – инфрақұрылым мәселесі. Ауылдағы ағайынның жай-күйін инфрақұрылымдарды жақсартуа арқылы көтере аламыз. Дана ата-бабамыз: «Ауыздың қайда екенін қол біледі, Ауылдың қайда екенін жол біледі» деп бекер айтпаған болар. Ауылымызға барар жүзіміз жарық болсын десек, жоғарыдағы мәселелерді ел болып еңсеруіміз керек-ақ.          

Жаһандық дамудың жаңа көрсеткіштерінің бірі – интернет және ұялы байланыс. Әлі күнге дейін байланыс іздеп үй шатырына шығып, қыр басын аралап жүрген ауылдар да жоқ емес. Осындай ғылым мен білімнің қарыштап, технологиялардың дамыған заманында ауылдағы азаматтарымыздың бұлай жүруі қайсымызға болса да сын екендігі анық.

Медицина саласы алыстағы ағайынның бүгінгі күні көңілдері көнши бермейтін салалардың бірі. Сондықтан да ауылдағы ағайынның денсаулығын түзетіп, дерттеріне дауа таба білсек, еліміздің болашағын ілгерлететіндігіміз анық.    

Осыдан екі жыл алдын Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында: «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ» – деген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес300-ге жуық ауыл-аймақтарды фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, сапалы қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіліп келеді.

Ауылымыздағы білім беру мәселесінде проблемалар аз емес және күн өткен сайын азаяр емес. Бұның бар ауыртпалығын ауылдағы балаларымыз көруде. Ауыл мектептеріне дұрыс жағдай жасай алмасақ, ауылға деген ызасы бар балаларды тәрбиелеуіміз мүмкін. Ауыл мектебі, үлкен қалалардағы мектептерден кем түспеуі қажет. Ауыл мектебін дұрыстай алсақ – болашағымызға жасалынған үлкен инвестиция екендігі анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек» – деді. Бұл дегеніміз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасалады деген сөз.  Бұдан кейін де ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор болмақ.

Алыстағы ағайын, ауылдағы азаматтарымызға болашаққа деген сенімді ұялатып, осы мәселенің оңтайлы шешу жолында бірге ат салысуымыз қажет.

Биылғы жылдың көктемінде Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының табысын арттыру жолдарын тапсырды.

«Ауылды жерлерде табыс пен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстау қажет. Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Әкімдер оны тиімді іске асыру үшін шаралар қабылдауы тиіс.

Ең шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредит беру және жеке қосалқы шаруашылықтарға кепілдік беру, сервистік-өткізу кооперативтерін ынталандыру сияқты мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты жеткізу маңызды», – деді.

Ауылдарымыздың болашағын жарқын етіп, өскелең ұрпаққа жаңарған ауылымыздың түр-сипатын көрсетуіміз қажет. Ауылымызды – алтын тұғыр етуде аянбай еңбек етуіміз тиіс. Халық даналығында: «Ауылдас, ауылдаспен қауымдас» деген сөз бар. Ауылдағы ағайынмен ақылдасып, бірге жиналып қауымдасып жасайтын шаруаларымыз әлі көп екендігі анық. «Ауыл» партиясы бұл ұстанымды өзінің күн тәртібінен ешқашан түсірген емес және түсірмейді де…

Ауыл – баршамыздың алтын бесігіміз. Оны түлету, гүлдендіру, азаматтарымыз үшін қолайлы орта қалыптастыру баршамыздың міндетіміз ағайын!

Ауыл партиясы, Шымкент өңірлік филиалының төрағасы,

қалалық маслихат депутаты, заң ғылымдарының докторы

Қанатбек Досалиев

Advertisements