ТҮРКІСТАН: «САРЫАҒАШ-МАҚТААРАЛ» БАҒЫТЫНДА ТЕМІР ЖОЛ САЛЫНАДЫ

141

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында Үкімет тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылған. Олар қазіргі таңда өңірде тиісті жұмыстарын атқаруда. Біздің тарапымыздан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді Арман Айдарұлы.

Аудан басшысының айтуынша, биыл 9 айдың қорытындысымен негізгі капиталға көлемі 25,7 млн теңге инвестиция бағытталған. 2023 жылдың қорытындысымен инвестиция көлемін 26,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 9 айда 92,7 млрд. теңгеге жетсе, жыл қорытындысымен 128,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Ал аталған салаға салынған инвестиция көлемі биыл 6,7 млрд. теңгені құрамақ.

– Инфрақұрылыммен қамту бойынша орталықтандырылған ауыз сумен аудандағы 68 елді мекеннің 61,8 пайызы қамтылған. Ал табиғи газды аудан халқының 76,1 пайызы пайдаланып отыр. Сондай-ақ, аймақтағы жолдардың қанағатты үлесі жыл қорытындысымен 66%-ға жетпек. Бұдан бөлек, ауданда биыл 9 айда 38 150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді аудан басшысы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Advertisements